Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Ботай мәдениетінің ашылуы, жылқының қолға үйретілуі, біздің тарихымызда — ең айшықты беттерінің бірі деп айтқан болатын. Өңіріміздің солтүстік өңіріндегі эниолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының ең алғаш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдейді», — делінген мақалада.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК 2018 жылдың наурыз айында құрылса, тамыз айында заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, қазан айында өз жұмысын қарқынды түрде бастады.
Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Ол біздің ауданымызға қарасты Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай ауылына байланысты аталған.
Ерте дәуір қонысына жататын бұл жердің «Ботай қонысы» аталуының да үлкен мәні бар. Шұрайлы жерді мекен еткен Ботай бидің әкесі Досан батыр Абылай ханның замандасы, жақын серіктерінің бірі болған. 18 жасынан хан жасағына қосылып, ерлік істерімен көзге түскен. Досан батыр Абылай ханның Петерборға жіберген елшілерін екі рет бастап барған. Бұл мұрағат құжаттары Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлиханов мұражайында сақтаулы тұр. Ботай бабамыз Айғаным ханшамен көрші қонған. Кенесары ханның көтерілісіне кенже ұлын аттандырған. Оқыған-тоқығаны, өмірден түйгені көп қажы отаршыл әрекеттерге қарсы шығып, патшаға қызмет етуден саналы түрде бас тартқан. Ауылдастарының басын біріктіріп, елдіктен, жерден айырылмаудың барлық жағдайларын қарастырып отырған. Енді бұл атауға «мәдениет» деген сөз тіркесіп, Айыртау өңірін мекендеген бағзы замандардағы ежелгі адамдар өркениеті болып таралып отыр.
Ботай мәдениеті жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-жылдары жариялана бастады. Ғылымға беймәлім жәдігерлер мен құнды заттарды алғаш рет тарих пәнінің мұғалімі, республиканың еңбек сіңірген ұстазы, марқұм Есләмбек Зәкіриянов тапты. Тарих пәнінің мұғалімі Есләмбек атамыз оқушыларды Ботай ауылының ескі жұртына апара жүріп, шашылып жатқан мал сүйектерінің қалдықтарын, аңшылық құралдар сынықтарын, тастан, балшықтан жасалған ыдыстарды кезіктірген. Бұл сүйектерде тұнып тұрған сыр бар екенін сезген Еслямбек ағамыз Көкшетау облыстық мұражайына экспонат ретінде ұсынған. Бәлкім, оның туған жер тарихын зерттеуге деген құлшынысы мен сүйіспеншілігі келешектегі үлкен тарихқа қозғау салған болар. Әлемді дүрліктірген оқиға осындай көзге көрінбейтін елеусіз істен өріс алғанын, оның бастауында Есләмбек аға тұрғанын біреу білер, біреу білмес.
Еслямбек Зәкіриянов ағамыз 1927 жылы Никольск ауылында дүниеге келіп, 2007 жылы өмірден озды.
1980 жылдары Көкшетау мұражайынан бұл жәдігерлерді көрген Қызылжар педагогика институтының жас ғалымы В. Зайберт дереу ат басын Ботайға бұрып, арнайы экспедиция ұйымдастырды.
Ботай жеріне 1981-1983 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан университетінің археологиялық экспедициясы профессор Виктор Зайберттің жетекшілігімен қазба жұмыстарын жүргізген. Ауданы 20 гектар жерді алып жатқан қоныстан 158 үйдің орны қазылып, аршылған. Сәулетшілерді бұзылған тұрғын-жайлардан қалған ойпаттар қызықтырған. Ғалымдар ежелгі тұрғын-жайлар құрылысын қайта тұрғызуға мүмкіндік алады. Алғашқыда дөңгелек және көпбұрышты қазан шұңқыр қазып алынды. Қазан шұңқырдың тереңдігі 60-80 см, ауданы — 30-дан 70 шаршы метрге дейін. Кейін сазды сулап, домардақ күйінде қабырғаға салған, сыртынан жануарлар сүйегімен бекіткен. Ежелгі тұрғын-жайлардың қабырға ені 80-120 см, биіктігі 60-100 см. Тұрғын-жайлар маңында арнайы ор қазылып, ол жерден еден, қабырғаға арналған сылауға қажетті саздар алынды. Қабырға периметрлері бойынша бөренеден шатырлармен қаптап, ортасында түтін шығаратын тетік жасалды. Бөрене сазбен сыланып, жоғарыдан жануар терісімен және қыртыспен жабылды. Ғимараттың ішкі биіктігі 250-320 см құрады. Қайта тұрғызу сараптама жолы арқылы жүргізілді. 1983 жылдың жазында ежелгі тұрғын-жайдың үстіне ежелгі Ботай тұрғын-жайы салынады. Қайта тұрғызу өз-өзін анықтады. Жазда сараптамалық тұрғын-жайда суық әрі құрғақ болатын. Күз-қыс мерзімінде температурасы бір қалыптан түспеді. Тұрғын-жайды тұрақты түрде күтім жасағандықтан, адамдарға қапталған сыртының беріктігіне қарай тұруға қолайлық жасады (кем дегенде 15-20 жыл). Әрине, жыл сайын қабырға, қазан-ошақтың ішкі бөлігі сыланып отырған.
Өзен жағасы маңындағы өндірістік құрылыстарда ежелгі адамдар тас, ағаш, аңдардың сүйегі мен терісін өңдеп, киім тіккен, қыш ыдыстар дайындаған. Тастан жасалған жебе, садақ, қанжар, пышақ, найза ұштықтарының көптеп табылуы қоғам өмірінде аңшылықтың рөлін айқын көрсетеді. Сонымен қатар жылқының сүйегінен ағашты өңдейтін қашауғыш, құс сүйегінен киім тігуге арналған инелер, жуалдыз, тескіштер, тұмар мен әшекей бұйымдарының кездесуі шаруашылықтың әр саласынан хабар береді.
Ғалымдарды табылған ат сүйектерінің көптігі таң қалдырған. Жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтар шақырылды. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғыда белгілі жылқылар түріне жатпайтын боп шықты. Ботай аттарының сүйегі өзге де ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленіп тұрды. Ғалымдар бірауыздан Ботай аттары қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған. Қоныстың материалдарымен әлемнің барлық ғылымдары қызыға бастады. Ботай жылқысын зерттеп білуге Солтүстік Қазақстан облысына Новосібір, Мәскеу, Англия, Германия ғалымдары келді. Көптеген ғалымдар ортақ пікірге сүйенді, яғни Ботай қонысы Еуразия даласында мал шаруашылығы орталығы болған. Сонымен, 1983 жылы Ботай мекенінде бүкіл одақтың басын қосқан, ал тәуелсіздік алғаннан соң 1995 жылы әлемдік деңгейдегі семинарлар ұйымдастырылып, бұдан бес мың жыл бұрын жылқы малының қолға осы жерде үйретілгені, оны асырап, көлік ретінде, тамақ, тіпті сусын ретінде пайдаланғанын дәлелдеген тұжырымдар айтылды. Ғылыми тұрғыдан нақты айғақтар келтіріліп, дәлелденді. Сондай-ақ, аттармен бірге, арбаның да осында алғаш рет қолданылғаны белгілі болды.
39 жыл бойы жүргізілген қазба жұмыстары кезінде археологтар жылқының ондаған тонна сүйегін тауып, 300-ден астам баспананың орны анықталды.
Алайда, Ботай жері сақтаған жұмбақтар әлі де бар. Әлі де ежелгі адамдардың қалай жерлегені анықталмаған. Бірнеше ежелгі адамдардың қалдықтары табылып, археологтарға жаңа жұмбақтарға кенелтті. Олар бұзылған тұрғын-жайлардан табылды. Әсіресе, адамның бас қаңқасы қызығушылық туғызды. Қазіргі таңда ол облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Ботай жеріндегі қазбалар жалғасуда.
Қаралым саны: 355