Қарасай-Ағынтай батырларының мемориалдық кешені

Қарасай халқы үшiн атқа мiндi,
Шыдамай жауыздыққа неше түрлi…
(Сүйiнбай жырау)

Қарасай Алтынайұлы (1598-1671) — қазақтың қаһарман батыры, ұлы жүзден шыққан әйгiлi қолбасшысы, есiмi шапырашты руының ұранына айналған аса көрнектi тарихи тұлға. Қарасай батыр қазiргi  Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегiнде Қарасаз деген жерде дүниеге келдi. Шежiре дерегi бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желдi, Қалды есiмдi үш ұл туады. Малдыдан Екей, Емiл, Емiлден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есiмдi үш ұл туған. Алтынайдың үшiншi әйелiнен Қарасай туған. Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тiкелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдар, одан Мырзатай, одан Кенбаба, одан Едiл, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбiш, одан Нұрсұлтан туады.

Қарасай батырдың өмiр сүрiп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екi ғасырға созылған шайқасқан кезi едi. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елi мен жерiн қорғау үшiн алғаш рет атқа қонып,110 елдiң шетiне, желдiң өтiне, жаудың бетiне шығып, ерлiк көрсеткен батырлардың сапында Қарасай Алтынайұлы да болды.

Қарасайдың тарихқа келуi Тәуекелден кейiн Есiм ханның таққа отыруымен тұспа-тұс келедi. 1620 жылы Есiм хан Алтын ханмен, Ноғай ордасымен бiрiгiп, отыз мың қолымен ойратқа шабуыл жасайды. Бұл ұрыста 79 жасар Сүйiндiк Жанай батыр бөрiлi байрақ туды 31 жасар Қарасай батырға тапсырды. Осы жылы Тобыл бойындағы соғыста Қарасай ойраттың екi тайшысы Тойлы мен Қарақалды қолға түсiрiп, хан алдына алып келедi. Сонда Есiм хан риза болып: «Сен ендi бүкiл қазақтың Қарасай батыры болдың» деп бағалайды.

1627 жылы Тобылдан ығысқан ойраттар ес жиып, Едiл мен Жайықтағы алшындарды шауып тыныштық бермегенi, Едiлдiң Хазарға құяр жерiндегi қазақтарды қырғаны жөнiнде суық хабар Есiм ханға жетедi. Хан Шапырашты Қарасай, Арғын Ағынтай, Найман Көксерек, Қаңлы Сарбұқа, Төртқара Жиембет батырларды шақырып, әрқайсысына бес мың қол сарбаз берiп, Жайыққа аттандырады. Хазар теңiзiнiң жағасында 83 күн ұрыс болып, бiр жарым ай батырлардың жекпе-жегiмен өтедi. Қарасай батыр тоғыз рет майдан алаңында жекпе-жекте Манжы, Танжы бастаған жаудың он бiр батырын жеңедi. Осы ұрыста ойраттар жеңiлiп, орыс елiне қарай қашады. 1635 жылы Есiм ханның ұлы Жәңгiрдi қалмақтар тұтқындап әкетедi. Қазақ қолы күш жинап тұтқиылдан шабуыл жасап, оларды Жоңғар қақпасына дейiн қуып, күйрете соққы бередi. Қарасай мен Арғын батыр екеуi бiрiгiп, Жәңгiрдi үлкен ерлiкпен қалмақ тұтқынынан босатып алады.

Есiм мен Жәңгiр сияқты ақылды хандардың арман-аңсары Қарасай сияқты бiртуар батырларға, ру, тайпа көсемдерiне тiкелей арқа сүйеу арқылы жүзеге асып отырды. Жалпы XVII ғасыр аясында, яғни Қарасай батырдың ат үстiнде болған кемел шағында қазақ-жоңғар арасында әйгiлi үш соғыстың болғаны тарихтан аян.

Мұның бiрiншiсi — 1635 жылы болған Сiбiр-Тобыл соғысы. Бұл соғыс туралы И.Э. Фишер «Сiбiр тарихы» атты еңбегiнде жазған. Тарихи деректерде осы кезеңде жалайыр, шапырашты руларының Тобыл бойында болғаны айтылады. Сiбiр-Тобыл соғысына Қарасай батырдың қатысқаны ешқандай күмән келтiрмейдi.

Екiншi соғыс 1643 жылы болған. Бұл әйгiлi Жәңгiр сұлтанның (ол кезде әлi хан тағына отырмаған) 600 жанкештi сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскерiне қарсы тұрып, оған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерiмен көмекке келетiн жойқын соғыс. Бұл соғыс жайында орыс тарихшылары Н.М.Карамзиннен бастап И.Я. Златкинге дейiн таусыла жазып, жалпы соғыс тарихында сирек кездесетiн оқиға ретiнде атап өтедi (Левшин А.И. Описание киргиз-кайсакских или киргиз-кайсачьих орд и степей. 2-бөлiм. СПб., 1832. 59-6.). Даланың ауызша тарихнамасында (ДАТ), яғни шежiре деректерiнде шапырашты Қарасай батырдың 600 қолымен осы соғысқа қатысып, жойқын ерлiк көрсеткенi айтылады. Әйгiлi Сүйiнбай жыраудың:

«Қарасай халқы үшiн атқа мiндi,
Шыдамай жауыздыққа неше түрлi»,
дейтiнi, немесе:
«Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,
Қалмақ қашты баласын, малын тастап.
Әйелiне қарауға шамасы жоқ,

Келiп едi о баста жердi ластап», — деп Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлiгiне орай айтылған.

XVII ғасырдың аясында қазақ-жоңғар арасында болған сұрапыл соғыстың үшiншiсi — 1652 жылы өткен. Бұл соғыста Жәңгiр ханды жекпе-жекте 17 жасар Қалдан Серен өлтiредi. Бұл соғыста Қарасай батыр жалпы қазақ әскерлерi қолбасшыларының бiрi ретiнде ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылған. Сахара төсiнiң ежелден қалыптасқан тәртiбi бойынша ел бастаған көсем мен қол бастаған батырлардың есiмi әдетте ру-тайпа атауына ұласып, ұранға шығып отырған. Ондай iрi тұлғаларға жер атын беру рәсiмi қалыптасқан. Бұл ретте Қарасай батыр есiмiнiң ру атауына ұласып, ұранға шығуы, бiрнеше жер атауларының берiлуi қайраткер-қолбасшылығына айғақ болса керек. Белгiлi зерттеушi П.П. Румянцевтiң 1913 жылы жарық көрген «Материалы Семиреченской области» деп аталатын кiтабында: «Батыр Кәстек өңiрiнiң жұрты шапырашты руынан шыққан Қарасай батырдың ұрпақтарын құрайды. Қазiр Қарасай руы Ақмола облысының жерiн қоныс етедi. Қарасайдың бейiтi Көкшетау уезiнiң Айыртау деп аталатын өңiрiнде», — деп жазды. Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметiнiң соншалықты баянды екенi қайран қалдырады. Елiне лайық ер туса, солардың есiмiн тұтас ру мен туған жердi атап отырған. Онысы жерiмiз бүтiн, елiмiз аман болса, бiртуар ерлердiң де есiмi ұмыт болмайды дегенi болуы керек.

1664 жылы Қарасай ұрысқа ақырғы рет 66 жасында қатысты. Арқос Аңқойынан (қазiрше Жоңғар қақпасы) екi мың торғауыт Наймандар мен Жалайырларға шабуыл жасап, Қарасай мен Ағынтай тағы да ұрысқа кiрiп, жауды ойсырата қуады. Осы ұрыста Қарасай батыр ауыр жараланады. Ағынтай батыр да аяғынан ауыр жарақат алады. Ендi күшке түсер қимылға жарамағандықтан Қарасай батыр ел басқару iсiне араласып, екi жұрттың арасындағы елшiлiкпен айналысады. Қарасай батыр елшiлермен бiрге қару-жарақ, зеңбiректер алмақ ниетпен 1669 жылы Ресеймен келiссөз жүргiзуге барады. Бiрақ орыстар «ертең бұл қару өзiмiзге пәле болмай ма» деген күдiкпен қарап, қазақ елшiлерiн құр қол шығарып салады.

Қазақ елiн, жерiн қорғау, халқының ұлтжандылығын, ерлiк дәстүрiн қалыптастыру, орнықтыру Қарасай қатарлы батырлардың пешенесiне жазылған. Жетiсуда туған Қарасай батырға Арқаның Айыртауынан топырақ бұйыруы, Қызылжарда туған Баян батырдың соңғы демiнiң Ӏле бойында таусылуы, Едiл бойында туған Қабанбай батырдың Арқадағы Сарысу бойындағы шайқаста қаза табуы, Ерейментаудың Малайсарысының Алатау бөктерiнде дүние салуы, сөз жоқ, ұлттық-этникалық бiртұтастықты мемлекеттiктiң әбден орныққандығының айқын айғағы едi.

Қарасай батырдан алты бала қалды. Олар: Әуез, Өтеп, Көшек, Түрiкпен, Еркен, Төркен. Бiрақ Еркен мен Төркен есейiп, азамат болған шағында бiр күнде қайтады. «Өлiп көрген жоқпын, одан басқаның бәрiн көрдiм десем, әлi көрмегенiм көп екен ғой» деп екi баласына қатты қайғырған, қабырғасы қайысқан Қарасай батыр екi ұлының қырқына жетпей, 1671 жылы 73 жасында қайтқан екен. Қарасай батырдың жылын берген соң, қанды балақ серiгi Ағынтай батыр да дүние салған. Оны да Қарасай батыр қойылған бейiтке жерледi.

Зерттеушi-қайраткер Мұхамеджан Тынышпаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқы тарихынан материалдар» деген еңбегiнде (25-бет) «Шапыраштының ұраны — Қарасай, таңбасы — Ай, Тұмар» деп атап көрсетiлген. 

Жалпы, ұлы тұлғалардың ұлылық қасиетi көп болады. Қарасай тек iрi батыр ғана емес, айтқаны дәл келетiн әулие көреген, бiреуге қатты ренжiп, зiл тастаса, терiс бата берсе, қара жер қарс айырылғандай қара жамылтатын, арқалы, аруақты жан болған. Қартайған шағында шыбық мiнiп, ойнап жүрген бала Төленi өзi iздеп барып, ақ батасын берген екен. Төле кейiн күллi Қазақ елiнiң тiзгiнiн ұстаған әз Төле би атанғаны белгiлi. Атақты да аруақты, қасиеттi жандардың киесi, пiрi болады. Қарасай бабамыздың жолға шығарда, ұрысқа аттанарда соңынан қызыл шұбар жолбарысы бiрге ерiп жүредi. Ол батырдың өзiне ғана көрiнiп, аян беретiн қасиеттi киесi, қыдырлы қызыры екен. Қарасай бабамыз бұл дүниеден өткен соң қызыл шұбар жолбарысы Төле биге, одан Сұраншы батырға, одан Сарыбай биге, кейiн Жамбыл атаға ерiптi дейдi.

Осылайша, ерлiгi мен даңқы асқан айбынды қазақтың Қарасай батыры есiмi ұрпақтан-ұрпаққа ұран болып, ғасырлардан ғасырларға жалғасын тауып келедi.

25.12.2019
Қаралым саны: 482
coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер egovӘділетҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі