Сал-серiлер думандатып сайран салған, әнге қосқан Айыртау өңiрi жердiң жұмағы дерсiң! Суы мөлдiр айдын көлдермен, бұрала өскен қайың, терек, қарағайлы аралас орманды алқаптарымен көмкерiлген сұлу табиғаты адамның көз жанарын ерiксiз арбаса, небiр аңыз-әпсаналарға толы тарихи-танымдық, археологиялық, мәдени жәдiгерлердiң өзi — бiр төбе. «Ботай» — ежелгi адамдар қонысы, Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музейi, «Айғаным» қонысы, Құлшынбай төбесiнде жерленген қос батыр — Қарасай мен Ағынтайдың мемориалдық кешенi, тағы басқа тарихи ескерткiштердiң зор тәрбиелiк-патриоттық маңыздылығы ескерiлiп, киелi жерлер картасына енгiзiлген. Ал Имантау — Шалқар аймағының жөнi тiптi бөлек, мәнi айрықша.
Имантау-Шалқар курорттық аймағы 2018 Республикалық маңызы бар ТОП-10 басым жобаға және 2019-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының туристiк саласын дамытудың мемлекеттiк бағдарламасына енгiзiлген.
15 мамыр күнi аудан әкiмдiгiнiң мәжiлiс залында аудан әкiмi Дархан Әмриннiң төрағалығымен Имантау-Шалқар курорттық аймағын дамытудың негiзгi басымдықтары жөнiнде келелi жиын болып өттi.
Жиынға «Ақмола облысының туристiк қауымдастығы» жеке кәсiпкерлер және заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң төрағасы, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Сұлтанов, Солтүстiк Қазақстан облыстық төтенше жағдай жөнiндегi департаментi басшысының орынбасары Игорь Жуков, СҚО туризм ассоциациясының төрағасы, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Владимир Витченколар қатысты.
Жиынның кiрiспесiнде аудан басшысы Дархан Өмiрсерiкұлы ауданымызда туризм саласын дамыту жөнiндегi түйткiлдi мәселелерге тоқталып өттi.
Өңiрдiң iнжу-маржаны саналатын, көркемдiгi көз тойдыратын аудандағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы алдағы уақытта одан әрi дамитын болады.
Курорттық аймаққа қатысты өзге де проблемалар жетерлiк. Солардың бiрi — талапқа сай инфрақұрылымның жоқтығы. 40-қа жуық демалыс базасының тек 26-сында ғана электр қуаты, 13-iнде ғана орталықтандырылған су құбырлары бар. Мобильдiк байланыс, цифрлық телевизия жүйесiн жақсарту — басты талаптардың бiрi екенiн де атап өттi аудан әкiмi.
Облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың тiкелей қолдауымен туристiк әлеуеттi дамытудың бiрнеше жылдарға арналған кешендi бағдарламасы әзiрленiп, шағын және орта бизнес саласын, инфрақұрылымды, жолды жақсарту, тарихи нысандар жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға, курорттық аймақты әрi дамытуға алдағы жылдарда 23 млрд. теңгеге жуық қаржы құйылмақ. Бұл ақшаға инфрақұрылымды дамыту көзделген. Соңғы 3 жылда Айыртау ауданында 273 шақырым жол жөнделдi. Бұл туристердiң ағымын 40 пайызға ұлғайтуға мүмкiндiк берiп отыр. Жыл санап жолға бөлiнген қаржы көлемi ұлғайып келедi. Өткен жылы аудандағы жолдарды жөндеуге және туристiк базаларға апаратын жолдарға 3,8 млрд. теңге қаржы жұмсалған.
Аудан әкiмiнiң айтуынша инвесторлар жыл он екi ай жұмыс iстейтiн демалыс базаларын салуы қажет. Ол өз сөзiнде жыл бойы жұмыс iстейтiн «Изумрудное», «Адель», «Дом у озеро» демалыс базаларын атап өттi. Мысалы «Изумрудное» демалыс базасында абаттандырылған жағажай, балалар алаңқайы бар. Заманауи үлгiдегi екi қабатты жаңа үйлер тұрғызылған.
Ауданымызға келген демалушылар үшiн заманға сай үлгiдегi барлық қызмет түрлерi қарастырылуы қажеттiгiн атап өттi. Десек те, турбазалардың көпшiлiгiнiң қызметi маусымдық кезеңдермен ғана шектелiп жүр. Мысалға аудан басшысы маусымдық «Арман», «Тұрпан», «Сүйiн» демалыс базаларының жағдайын сынға алды.
Өз кезегiнде сөз алған облыстық төтенше жағдайлар жөнiндегi департамент басшысының орынбасары Игорь Жуков демалушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету iсiнде де бөгесiндер аз еместiгiн айтып өттi. Курортты аймақта ұтқырлы жылжымалы бекет бiреу ғана. Жоспар шеңберiнде Шалқар және Имантау көлдерi бойында суда құтқару станциясын тұрғызу қарастырылса да, Қаржы және Iшкi iстер министрлiктерi оның iске қосу мерзiмiн 2024 жылға дейiн шегерiлгенiн жеткiздi.
Ал «Ақмола облысының туристiк қауымдастығы» жеке кәсiпкерлер және заңды тұлғалар бiрлестiгiнiң төрағасы қайрат Абайдоллаұлы Ақмола облысының Зерендi курорттық аймағының жұмыстарына токталды. Оның айтуынша Зерендi курорттық аймағының дамуына жергiлiктi турбазалардың тарапынан үлкен мән берiлуде. Зерендi курорттық аймағында жыл он екi ай жұмыс iстейтiн туристiк базалардың саны атруда.
Ол алдағы уақытта демалушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында туристiк полиция қызметкерлерiн енгiзiлетiнiн атап өтса, туристiк базаларда тұрмыстық қалдықтарға арналған бiрыңғай орындарды рәсiмдеу, Имантау, Шалқар, Лобаново ауылдарында демалушылар үшiн жәрмеңкелер, бiрыңғай мәдени iс-шаралар ұйымдастыру, жазғы уақытта желкендi және қысқы спорт түрлерiн жандандыруды қолға алу керектiгiн айтты.
Ал СҚО туризм ассоциациясының төрағасы Владимир Витченко облыс бойынша туризм саласын дамытудағы жоспарларын ортаға салды.
Жиын соңында «Солнечное ВИП», «Адель», «Айтас» демалыс базаларының жетекшiлерi өз базаларының дамуы жөнiнде алдағы жоспарларымен бөлiстi.
Жиынды қорытындылаған аудан әкiмi Дархан Әмрин iстiң көзiн таба бiлгендер туристiк қызмет түрлерiн көбейтiп, сапасын арттырып, адамдардың қызығушылығын тудырудың жолдарын тынбай қарастырып жатса, кей кәсiпкерлер мемлекеттiң көмегiне ғана сүйенудi қолайлы көретiнiн, ал кейбiр туристiк базалардың иелерi бойына жегiқұрттай жабысқан немқұрайдылықтан арылмаған тәрiздi. Олар терiскейде 2-3 айға ғана созылатын жаз маусымы тез-ақ өте шығатынын, сондықтан нысандарды қыс бойы жабдықтап, көктемге салым сақадай-сай дайын етiп қоюды естен тарс шығарғанын, олардың бар ойы — қызмет бағасын жөнсiз қымбаттатып, күреп пайда табу екендiгiн сынға алды.
Аудан басшысының айтуынша тағы да бiр түйiндi мәселенiң бiрi «Көкшетау» мемлекеттiк ұлттық табиғи саябағына тiрелiп тұрғанға ұқсайды. Шалқар көлiне қарай салынатын 35 шақырым жолдың 11,6 шақырымы саябақ аумағы арқылы өтедi. Осы мекемемен жол құрылысына қажеттi жер учаскелерiн қайтарымсыз негiзде пайдалануға алуға келiсiм жүргiзiлуде.
Жыл бойы үзiлiссiз жұмыс iстейтiн демалыс базалары көбейсе, ауданға келетiн қонақтардың да саны артар едi.
Бағлан Қожақов
Суреттi түсiрген Ирина Бурковская
Қаралым саны: 337