Қарасай-Ағынтай батырларына арналған мемориалдық кешенiне 20 жыл

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, «Батырлар даңқы, бабаларға құрмет» тақырыбымен 20 қыркүйек күнi Айыртау ауданында Қарасай-Ағынтай батырларына арналып салынған мемориалдық кешенiне 20 жыл толуына орай облыстық деңгейде дүбiрлi той болып өттi.

Қазақ халқының бағына туған хас, қос батырымыз Қарасай мен Ағынтай бабаларымыздың рухына құран бағышталып, құрбандық шалынғаннан кейiн, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң орынбасары Руслан Әлiшев облыс әкiмi Құмар Ақсақаловтың құттықтау алғыс сөзiн жеткiздi.

Құттықтау сөздерiнен кейiн, Солтүстiк Қазақстан облысы С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры әртiстерiнiң орындауында «Арқа шайқасы» атты өте әсерлi қойылым қойылып, дүйiм жұртты «Ақтабан шұбырынды, Алқа көл сұлама» заманына алып барды. «Найзаның ұшымен, бiлектiң күшiмен» кең байтақ жерiмiздi аман сақтап, аманат қылып қалдырып, достықтың, ұлтжандылықтың ең биiк шыңына шығарған қос батыр бабамыздың тақырыбы өте көркем ашылды. Көркемөнерпаздар қойылымынан кейiн, спорттық ойындарымен, яғни қазақша күрес, аударыспақ, жаппай көкпар жарыстарымен жалғасын тапты. Тойдың қадiрлi қонақтары болып келген, көк байрағымызды көк аспанда желбiреткен, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраймов, кәсiби бокстан әлем чемпионы Жанат Жақиянов, Қазақстанның бiрнеше мәрте Қазақстан барысы атағын жеңiп алған Бейбiт Ыстыбаев қатысты. Осы спорт саласының жiлiгiн шағып, майын iшiп жүрген спорт майталмандары 21 ғасырдың батырлары деп бiлемiз.

Бұл той тек Қарасай-Ағынтай батыр-бабаларымызға арналған құрмет емес, сол заманда өмiр сүрген, «ауыздықпен су iшкен, етегiмен су кешкен» барлық бабаларымызға арналған құрмет!

 

 

11.10.2019
Қаралым саны: 921
coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер egovӘділетҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі