Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов — қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, шығыстанушы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы. Шоқан кейбір ақпаратта қазіргі Қостанай облысы Құсмұрын бекетінде туылған, кейбір ақпаратта СҚО, Сырымбет бөктерінде 1835 жылы туып, балалық шағы ата қонысы Сырымбет тауының бауырында өткен делінген. Әкесі — Шыңғыс сол кездегі Аманқарағай дуанының аға сұлтаны, өз атасы Уәли Орта жүздің ханы болған, арғы атасы Қазақ Ордасының Ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі болып келеді.
Шоқанның балалық шағы, балдәрен күндерін әжесі Айғаным тұратын Сырымбеттегі хан ордасында өткізген. Шоқан Сырымбетте халықтың қайнаған ортасында болды. Дәстүр бойынша хан тұқымының өкілдері «жеті жұрттың тілін білуге» тиісті болғандықтан, қыпшақ-шағатай тілін меңгереді, парсыша, арабша сауатын ашып, мұсылман діні ілімімен танысады. Зерделі Шоқанды кішкене кезінен данагөй билердің әңгімелерін, от ауызды, орақ тілді ақындардың өлең-жырларын зор ықыласпен тыңдап өскен. Оған тәрбие беруде сұлтан әулетінен шыққан әжесі Айғаным зор ықпал етті. Бала Шоқан ауыз әдебиетінің ертегі, аңыздарын сүйіп тыңдап, батырлар жырлары мен дастандарын жаттап өсті. Оның азан шақырып қойылған Мұхаммед Қанафия есімінің Шоқанға айналуы да осыған байланысты болған. Халық мұраларын жалықпай тыңдап, күні бойы шоқиып отырғандықтан да анасы Зейнеш, «шоқиып отырған Шоқаным» деп еркелетіп атап кеткен.
Алғашқы білім негізін қалыптастырғаннан кейін, әрі қарай білімін шыңдау мақсатында, 1847 жылы 12 жасар Шоқанды әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып саналатын Омбыдағы Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Декабрист А. Завалишиннің сөзімен айтқанда, «ағартушылық пен патриотизмнің өркен жайған жері» болып саналатын.
Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан «Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда, ол үлкен сықылды еді де, біздер оған қарағанда бала тәрізді едік, өзінің бізден артық білетінін, не бізден білімі жағынан жоғары екенін білдіруге тырыспаса да, жәй әңгіменің өзінде-ақ, оның білімінің артықтығы байқалып қалатын. Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған ол еріксіз «Еуропаға ашқан терезе сықылды болды», — деп жазады Г.Н. Потанин.
Жас Шоқанның ұшқыр ойлығын, білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиетін жақсы білетіндігін ақын, аудармашы С.Ф. Дуров, зерттеуші-ғалым, географ, қоғам қайраткері П.П. Семенов-Тян-Шанский, географ, этнограф, фольклоршы, ботаник Г.Н. Потанин, этнограф, археолог, публицист Н.М. Ядринцев жоғары бағалаған. «14-15 жасар Шоқанға мұғалімдері болашақ ғалым, зерттеуші деп қарайтын дәрежеге жетті», — дейді Г.Н. Потанин.
Кадет корпусы қабырғасынан Шоқан саналы, терең ойлы, жан-жақты білімді, өзіндік көз қарасы қалыптасқан, ғылыми тұжырымдар жасай алатын дарынды жас ғалым болып қалыптасып шықты.
Кадет корпусын 1853 жылы он жеті жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-батыс аймағын басқаратын генерал-губернатор Г.Х. Гасфорттың адъютанты болып тағайындалады.
Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады. Шығыстанушы, орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Н.Ф. Костылецкий арқылы 1854 жылы Шоқан мен көрнекті шығыстанушы, Қазан университетінің профессоры И.Н. Березинмен қарым-қатынасы басталады. И.Н. Березиннің тапсырмасы бойынша Шоқан 1350-1406 жылдары өмір сүрген Алтын Орданың 31 ханы болған Тоқтамыс ханның «Хан Жарлығы»-на талдау жасайды. Дала философиясын тамаша меңгерген, ізденімпаз, ғылымға бет бұрған Шоқанның бұл алғашқы ғылыми жұмысы болды.
1855 жылы Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың Орталық Қазақстан, Тарбағатай мен Жетісу жеріне жасаған сапарына қатысады. Бұл сапарда қарапайым халықтың өмірімен танысып, тарихи аңыз-әңгімелері мен жырларын жазып алады.
1856 жылы полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми Ыстықкөл экспедициясына қатысып, қырғыз елін жете зерттейді. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады.
Осы сапарларда жинаған материалдарды ол:
- «Жоңғария очерктері»
- «Қырғыздар туралы жазбалар»
- «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы»
- «Ыстықкөл сапарының күнделігі»
- Қытай империясының батыс өлкесі
- «Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады.
1857 жылы П.С. Семенов-Тян-Шанскийдің ұсынуымен Ш. Уәлиханов Орыс географиялық қоғамының толық мүшелігіне қабылданды. Ол кезде Шоқан не бары 21 жаста болатын. 1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Қырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды.
1858-1859 жылдары 23 жасар Шоқан атақты Қашғария сапарына барып қайтты. XIII ғасырдың соңғы ширегінде Марко Поло, содан 1603 жылы саяхатшы Гоес қана болған Қашғарияның географиясы, саяси құрылымы, мәдениеті мен тұрмыс-салтының ерекшелігі туралы үш жарым ғасыр бойы Еуропа ғылымында елеулі мәлімет болмаған. Шоқанға дейін бірде-бір зерттеушінің болып қайтуының сәті түспеген еді. Немістің географ-ғалымы Р. Шлагинтвейттің бір жыл бұрын барып қайтпақ болған сапары қайғылы аяқталып, ол қатыгездікпен өлім жазасына душар болған-ды.
11 айға созылған Қашғария сапарында, Әлімбай деген лақап ат жамылған саудагер ретінде Шоқан аса құпия жағдайда өз өміріне қатер төндіре жүріп, Қашғария өлкесінің тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен геологиясы, географиялық жағдайы жайлы аса құнды деректер жинап қайтты. Соның негізінде «Алтышардың, яғни Қытайдың Нан-лу уәлаятының (провинциясының) шығыстағы 6 қаласының жайы» деген атақты еңбегін жазды. Ол кезде Алтышар деп солтүстіктен Тянь-Шань, оңтүстіктен Кунь-Лунь тауы қоршап тұрған Қашғар, Ақсу, Үштұрпан, Янысар, Яркенд, Хотан қалаларын атайтын. Қоқан ханының Қашғардағы сауда консулы әрі саяси резидентінің жәрдемімен Шоқан Қашғардың экономикасы, саяси құрылымын зерттеп, тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинаған. Әр аймақтан келген саудагерлермен, Қашғарияның саяси қайраткерлерімен, ғалымдарымен, ақындарымен кездесіп, Алтышардың өткен тарихы мен бүгінгісі туралы нақтылы деректерді анық білетін кісілерден алып отырған. Жергілікті ғалымдардан сирек кездесетін шығыс қолжазбаларының бірнешеуін қолға түсіріп, гербарий, тау жыныстарының коллекциясын жасаған. Осы экспедиция барысында ол бейтаныс елді жан-жақты сипаттайтын, әскери, саяси-экономикалық, сауда-саттық жағынан үкіметке де, ғылымға да керекті құнды материал мен сирек кездесетін деректер әкелген. Оның материалдары көп ұзамай неміс және ағылшын тілдерінде жарияланған. Қашғария мәліметтері Шоқанның дүниежүзілік география ғылымына қосқан зор жаңалығы болды.
Патша үкіметі жас ғалымның ғылыми ерлік еңбегін жоғары бағалады. Оны орыс патшасы II Александрдің өзі қабылдап, 1860 жылы Санкт-Петербургте ол IV-ші дәрежелі Ұлы Владимир орденімен марапатталып, әскери шені де жоғарылатылды. Осы кездесу кезінде Шоқан патшаға орыс шенеуніктердің қазақ халқына жақсы қарауы жайлы өз өтінішін батыл жеткізді.
Осыдан кейін Петербордағы ғалымдар, Бас штаб пен Сыртқы істер министрлігі Азия мәселесі жөнінен Шоқанды үлкен бедел тұтады. Солардың ұсынысымен II Александр патша Ш. Уәлихановты Азия департаментіне қалдыру туралы 1860 жылы маусымның 15-де бұйрыққа қол қойған. Петерборға келген Шоқан бірнеше мекемеде, яғни Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінде, Азия департаментінде, Орыс география қоғамында қатар жұмыс істеп, Петербор университетінде лекция тыңдаған. Бас штабтың әскери-ғылыми комитетінің тапсыруы бойынша Орталық Азия мен Шығыс Түркістанның карталарын жасаған. Оның редакциясымен «Балқаш көлі мен Алатау жотасы аралығының картасы», «Құлжа қаласының жобасы», «Ыстықкөл экспедициясының қорытындысына қосымша карта» т.б. дайындалған. Орыс географиялық қоғамы мүшелеріне Шығыс Түркістан, Тянь-Шань, Жетісу тақырыбы бойынша лекция оқыған.
Шоқанның көп қырының бірі сурет салу өнеріне толығырақ тоқтасақ па дедік.
Шоқанның қыл қалам туындылары оның көзі тірі кезінде әр-түрлі ғылыми, көркем журналдарда аты-жөні көрсетілмей, немесе бүркеншек атпен басылған. Тіпті ол өз суреттерінің астына басқа кісілердің атын қойып отырған. Мысалы, Бұғы руының манабы Боранбай мен Сартай сұлтанның портреттері А. Мюнстердің атымен жарияланған. Бұрындары ою-өрнектерімен, сәулет өнерімен таныла бастаған халықтық шеберлердің мұрасын жалғастырып, кәсіптік бейнелеу өнерінің негізін қалаған Шоқан бала кезінен қолына қалам алуға әуестенді. Г.Н. Потанин былай деп еске алады: «12 жасар Шоқан Омбы кадет корпусына қабылданғанда бір ауыз орыс сөзін білмейтін, бірақ ол қарындашпен сурет салуды өте ұнататын».
Жас Шоқанға Омбы қаласының тіршілігі қатты әсер етті. Үлкен қаланың көшелерін, зәулім ғимараттарын қарындашпен қағазға салу оның сүйікті машығына айналды. Кадет корпусында сызу геометриясы сияқты қолданбалы ғылым негіздеріне қоса «Архитектура мен оның элементерінің маңызы» деген арнайы курс оқылды. Шоқанның живопись, графика саласындағы портфелінде 150 дана әртүрлі сурет сақталған. Бұл туындылары мынандай салаларға бөлінеді.
- Омбы кадет корпусында оқып жүрген кездегі акварельдері мен суреттері (1847-1853 жылдар).
- Қазақстан бойынша алғашқы саяхатында салған суреттері (1853-1855 жылдар).
- Ыстықкөл экспедициясындағы далалық жазбалары (1856 жыл).
- Құлжа сапарындағы акварельдері мен суреттері (1856 жыл).
- Қашқар сапарындағы портреттері мен суреттері (1858-1859 жылдар).
- Петербургте салған портреттері (1860-1861 жылдар).
- Туған ауылында дүниеге келген портреттер мен этнографиялық суреттері (1862-1865 жылдар).
Шоқанның табиғатқа деген сүйіспеншілігі, лиризмі мен нәзіктігі әрбір суреттен анық байқалады. Жас Шоқанның акварельдері мен суреттерінің басым көпшілігі туған елінің, Омбы мен Сырымбет аймағының схемаларын, карталарын қағазға түсіруге, өзі өскен орта мен қоныстың бедерін, табиғатын жырлауға бағышталады. Шоқанның топографиялық пейзаждарының ішінде 1852 жылы жазылған Сырымбет жерінің ауыл-аймағын үлгі етуге болады. Таулы жазықта қыстаулар, оның ішінде Шоқанның әжесі Айғаным ханшаның тұрағы да бар. Шоқан халықтың көне өнер үлгілеріне аса құрметпен қарап, оларды бейнелеуде жасырын жатқан қыр-сырларын толық жеткізуге тырысты.
27 жасында қоғам қайраткері боларлықтай дәрежеге жеткен Шоқан 1862 жылғы сайлауға түсіп, Атбасар округінің аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды шенеуніктерден, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді», — деп досы Достаевскиге жазған хатында. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмайды. Шоқан қарсыласынан көп дауыс алып жеңіске жеткенімен, генерал-губернатор оның халық арасында ықпалы мен беделі зор болып кетеді деп сескеніп, «науқасына байланысты қызметтен бас тартты» деген өтірік сылтаумен аға сұлтандыққа бекітпей қояды.
1864 жылы наурыз айында Шоқан полковник Черняевтың шақыруымен Әулиеата жорығына қосылады. Орыс империясының Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресей қарамағына бағындыру мақсатын көздеген бұл жорыққа аудармашы, жергілікті халықпен бейбіт мәмілегерлік келісімдер жасау үшін қатысқан ол, полковник Черняевтің Әулиеатаны «қазіргі Таразды» алу кезінде халыққа жасаған жауыздығын көргесін, жорықтан бас тартады. Содан Верный қаласына келіп, одан Тезек төренің ауылына тұрақтап қалады. Сонда Тезек төренің немере қарындасы Айсарыға үйленеді. Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуір айында қайтыс болып, Алтынемел тауының баурайындағы Көшентоған деген жерге жерленеді.
Шоқантану саласы дегенде ең алдымен, қазақтың көрнекті ғалымы Әлкей Марғұлан еске түседі. Ол Шоқанды зерттеуге өмірін арнаса да, өкінішке орай, оның еңбектерінің өзі салыстырмалы түрде кеш жариялана бастады. 1958 жылы оның күш салуымен Шоқанның таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл елін жан-тәнімен сүйген Шоқандай ғалымға арналған өз еліндегі тұңғыш еңбегі болатын. Осыдан кейін ғана бұлақ көзі ашылғандай болып, 1961-1972 жылдары ұлы ғалымның 5 томдық шығармалары басылып шықты. Ғалымдығы мен жазушылығы тең түсетін қазақтың көрнекті қаламгерлері М. Әуезов, С. Мұқановтар еңбектерін жариялады, Шоқанның сан салалы еңбектерін әр тұрғыдан М. Елеусізов, С. Зиманов, А. Атишев, М.И. Фетисов, З. Ахметов, С. Марков, И. Стрелковалар талдап, зерттеулері жарық көрді.
Қазіргі таңда Шоқанды білеміз, танимыз, зеттейміз, танысамыз деген қонақтарға Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында орналасқан «Ш. Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайы» жұмыс істейді.
Мұражай 1985 жылы 17-ші қарашада Шоқан Уәлихановтың 150 жылға толуына арналып ашылды. Бірінші зал Шоқанның балалық шағына арналған және Уәли ұрпақтарының шежіресі көрсетілген. Екінші зал Шоқан Уәлихановтың Омбы кадет корпусындағы оқыған жылдарына арналған, алғашқы саяхаттары экспозицияларда бейнеленген. Үшінші зал атақты саяхатшы даңқын берген, Қашқария сапарына арналады. Төртінші зал біздің өлкенің көрнекті адамдарына арналған. Бесінші зал «Өнер галереясы». Алтыншы залда киіз үйдің ішкі жабдықтары көрсетілген.
Туған халқы үшін Шоқан мәңгілік жас, найзағайдай жарқ еткен, ар мен намыстың сөнбес шамшырағы болып қала бермек.
Қаралым саны: 515