22-23 қаңтар «Үлкен қалалар» туристiк тележобасы Солтүстiк Қазақстан облысында атты бағдарламаны түсiру мақсатында «Хабар» АҚ-ның түсiрiлiм тобы Айыртау ауданына аттың басын бұрды. Ең алғашқы болып танысқан нысаны Орлиногорск селосында орналасқан қысы-жазы туристердi қабылдай алатын «Орлиная гора» аңшылар үйi болды. Майлы қарағайлы ну орманда орналасқан бұл нысан, аңшылық туризммен айналысатын туристерге жылы-жайлы қонақ үйiмен, ыстық, дәмдi тамақ мәзiрiмен, буы бұрқыраған моншасы бар таптырмайтын демалыс орталығы болып табылады. Ну орманда ат шанамен серуен салып, салт атты қос құмай тазысымен қиқулап аңға салғанын тамашалап, кәсiби аңшының iз қуған әсерлi әңгiмесiн қызығушылықпен тыңдағаннан кейiн, бiр ыстық шәй iшкеннен кейiн жолға шықтық. Келесi аялдама Сырымбет ауылындағы Ш. Уалиханов атындағы тарихи-этнографиялық мұражайы мен Сырымбет тауының баурайында орналасқан Айғаным әжемiздiң қонысы болды. Бұл нысандарда өткен тарихқа көз жүгiртiп, бiр мезгiл болса да тарихтан сыр шертiп, әжелердiң әнiн естiп, мың бұрала билеген бойжеткендерiмiздiң биiне тәнтi болып, рухани азық алдық. Күн қысқа, кеш болып қалмай тұрғанда жетiп алу мақсатында Шалқар көлiнiң жағалауында орналасқан «Изумрудное» демалыс орталығына жеттiк. Есiгiн айқара ашқан орталықта туристердiң демалысына барлық жағдай қарастырылған. Тiптi, балалар таза ауада демалып ойнасын деп, биiк сырғанақ та қарастырылған. Таң ата сала, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, балық аулап отырған балықшыларды көрiп қайран қалдық. Балықшылардың тiрлiгiмен танысқаннан кейiн, Имантау көлiнiң жағасында орналасқан «Дом у озера» демалыс орталығымен таныстық. Ашылғанына аз ғана уақыт өтсе де, әсiресе сенбi-жексенбi күндерi демалушыларға толы болғанына риза болдық. Уақыттың тапшы болуына қарамастан соңғы таныстырған нысанымыз «Адель» демалу орталығы болды. Орталықтың басшысы Сәуле Сабырғалиқызы Адамова атқарылған жұмыстары және болашақтағы жоспарларымен бөлiстi.
Әрине, екi күндiк iс-сапарда барлық ауданымыздың демалыс нысандарын, тарихи жерлерiн аралап өту мүмкiн емес. Сондықтан да, қалған нысандарды болашақтың еншiсiне қалдырдық.
Қаралым саны: 427