2020 жылғы мақалалар
- 04.02.2020 | Айғаным қонысы
30 жыл ел билеген, Уәли ханның кiшi әйелi — Айғаным ханша
Болашақ ханша Айғаным тегi Арғын, Атығай. Әкесi Сарғалдақ, шешесi өзбек ұлтынан болатын белгiлi отбасында туып 1783-1853 (70 жас) жылдары өмiр сүрдi. Әкесi жайында Сәбит Мұқанов былайша баяндайды: «ол ұзақ жылдар Қара Бұхарада он екi түрлi ғылымды бастан аяқ зерделеп олардың биiк шыңына дейiн жете оқыған. Сонымен өз аймағында теңдессiз ғалым атанады». Өз балаларын да, ел жастарын да оқытқан Сарғалдақ сүйiктi қызы Айғанымды бiлiм жолында тәрбиелеп, араб, парсы, шағатай және орыс тiлiн үйреткен. Сонымен қатар, орыс ақсүйектерiнiң сәнiне айналған француз тiлiне де көңiл бөлгiзiп, шығыс тарихы мен фәлсафасын жетiк меңгерткен.
Ел шаруасымен жүрген Уәли хан бiрде Сарғалдақтың үйiне түсiп, сұлу да сымбатты жас Айғанымды көзi шалып, ата жолымен «сүйек жаңғыртайық» деп Сарғалдаққа ойын жеткiзедi. Бұл бекер айтылған сөз емес едi, өйткенi Уәлидiң әкесi Абылай ханның өзi Атығайдан қыз алған. Арыстанбай ақынның Кенесары ханға «Атаңа алты қатын алып берген Атығай, Қарауылдың баласымын» деп айтқан сөзi осыдан қалған екен. Сарғалдақ қарсы болмайды. Ол кезде дала заңы бойынша ханның қайын атасы болу зор бақыт едi.
Айттыруға келген кiсiлердiң сөзiн тыңдаған жас қыз Уәли ханға талап қойып, сәлем айтып жiбередi. Талап еткенi, Уәли хан шынымен менi әйелдiкке алғысы келсе, билiк ордасын Есiл өзенiне жақын жерге көшiрсiн деген едi. Айғанымның бұндай шарт қоюының басты себебi, Көкшетауды мекен еткен Уәли ханның үш әйелiнен алшақ болу едi. Уәли хан Айғанымның шартын орындап, билiк ордасын Көкшетаудағы Қызыл ағаштан Сырымбетке көшiредi. Бұл 1800 (1805) жылдар болатын, ол кезде Уәли хан 58 жаста, Айғаным 17 жаста едi. Бұрын берекелi, беделдi отбасында өскен Айғаным Уәли ханға тұрмысқа шыққаннан кейiн жұлдызы оңынан туды. Жаратылысынан атына заты сай (Ай ханым), бойына ойы сай жас ханша халық алдында да, бұрыңғы-соңғы хан тұқымдары алдында да, абыройлы болды. Үлкен-кiшiнiң де, әйел-ерлердiң де, Уәли ханның және онымен аралас-құралас жақсы-жайсаңдардың де тiлiн таба бiлдi. Беделi күн сайын арта түстi. Өзiнiң де, хан әулетiнiң де ар-намысын, абыройын жоғары ұстады. «Младшая жена хана Вали, умная и властная Айганым, неусыпно следила за авантюрами Губайдуллы. Она была женщиной образованной, знала несколько восточных языков, обладала незаурядным поэтическим талантом и прозорливостью опытного политика. После смерти Вали Айганым и ее сыновья получили ставку в Сырымбете» деп баға бердi оған жазушы И. Стрелкова (И. Стрелкова. «Валиханов. Москва, 1983 г. Стр. 15). Айғаным Уәлидiң әйелi ғана емес, кеңесшiсi, iшкi және сыртқы мәселелердi шешудегi бас ақылшысына да айналған едi. Сондықтан, оны билiкке тосыннан келдi деуге болмайды.
Сырымбеттегi ордада 15 жылдай оттасқаннан кейiн Уәли 1819 (1821) жылы 40 жылдай хандық құрып, 80 жасында дүниеден өтедi. Уәли хан мен Айғаным екеуiнен Шыңғыс, Әбден, Мәмке, Шепе, Ханқожа, Әлжан, Төрежан деген жетi ұлдары мен Рақия мен Нүрилә деген екi қыз қалады. Уәли хан қайтыс болғаннан кейiн патша әкiмшiлiгi хан билiгiн ресми түрде жояды. Соған орай патшаның ресми тарихнамасында Уәли «Орта жүздiң соңғы ханы» деп аталған.
Уәли ханның барлық мұрасы оның ұлдары арасында бөлiндi. « Ханның қызыл ағашы» ордасы — үлкен ұлы Ғұбайдолланың ұрпақтарына, Сырымбет Уәлидiң кiшi әйелi — Айғанымнан туған балалардың иелiгiне қалды. Ақылды ханым 38 жасында 9 баламен жесiр қалғанына жасымай билiк үшiн күресуге бел буады. Бұл нағыз қазақ жерiн отарлауға реформалар жасалып, Жарғы күшiне енiп, Орта жүздiң жерi Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Баянауыл, Көкпектi секiлдi бес окургке бөлiнедi. Округ басшысы болып аға сұлтандар сайланады. Уәли қайтқаннан соң оның мұрагерi болып Ғұбайдолла — Орта жүздiң мұрагер сұлтаны болып, 1824 жылдан бастап Көкшетау округiнiң аға сұлтаны болған. Ғұбайдолла бiртiндеп Цин үкiметiнiң саяси мүдделер объектiсiне айналады. 1837 жылы орта жүздiң билерi мен старшиналарын Тобыл қаласына бастап барған Ғұбайдолла онда қазақ жерiнде округтер құрылуына көңiлi толмайтындығын бiлдiредi. Мұның бәрi орыс үкiметiнiң наразылығын туғызып, Цин әулетiмен байланыс орнату жолдарын iздеген Ғұбайдолланы саяси қылмыскер ретiнде Березово селосына (қазiргi Ресейдегi Түмен облысының Ханты-Мансийск ұлттық округiндегi) жер аударылады. Мұрагерлiк бойынша билiктi алуға тиiс Шыңғыс әлi 10 жаста болғандықтан, хан әулетiнiң билiгi Уәлидiң жесiрi Айғанымның қолына көшедi.
Уәлихан қайтыс болғанда көңiл айтып, дұға оқуға келген сыйласы Байдалы биге Айғаным:
— Ханның қадiр тұтар тұстасы, құрбысы, елдiң сыйлы ақсақалы, биiсiз, не ақыл бересiз, ел иесiз қалды ғой, — дейдi.
Сонда Байдалы би:
— Сенiң қойған сауалың дiңкелетiп тұр. Қайын атаң Абылай хан қазаққа екi емшек емiзем деп талпынып едi. Оны орындай алмады. Бұл iстi өз жұбайың Уәли де тиянақтай алмады. Бұдан былайғы заман-қоныс теуiп, қазаққа екi емшек емiзудiң заманы. Ол — мал емшегi мен жер емшегi. Ел иесiз қалды дегенде көкейiңде Уәлидiң орнына ел билесем, орыстың қатын патшасындай болсам деген ой тұр-ау, сiрә. Ел билеудi мен сенен қызғанбас едiм, қазаққа екi емшектi емiзу қолыңнан келсе, — деген екен. Мұнда үлкен мән, хылықтың алдан күткен арманы мен тосқан үмiтi жатыр едi. Ал Айғаным ханша болса халықтың сол сенiмi мен үмiтiн бiр хандай-ақ атқарып өттi.
Айғаным ханша шын мәнiнде саяси қайраткер, әрi көреген ел билеушiсi, әрi халық анасы болды. Оның орыс, қазақ арасындағы тығыз достық қатынасты орнатудағы зор рөлiн орыстың атақты ғалым-саяхатшысы П.П. Семенов-Тянь-Шанский өз естелiгiнде ерекше құрмет сезiмiмен жазған. Қоғамдық және саяси, әлеуметтiк және шаруашылық сияқты күрделi мәселелердi күн тәртiбiне қойып, бұл жөнiнде Ресей Сыртқы iстер министрлiгiнiң Азиялық департаментiне, Петербургтiң Сiбiр комитетiне, Батыс Сiбiр генерал-губернаторына бiрнеше рет хат жазған. Патша өкiметi оның талап-тiлектерiн орындап қана қоймай, орынды ұсыныстарын қолдап, бағалап отырды.
Сондай үлкен жұмыстың бiрi ханша өтiнiшi бойынша 1824 жылы 30 сәуiрде берiлген I Александр патшаның Сырымбетте Айғанымға арнап салтанатты мекен-жай салдыруы едi. Құрылыс жұмыстарына 5 мың сом ақша бөлiп, оған қоса үкiмет тарапынан 400 сом зейнетақы белгiлейдi. Құрылыс мерзiмдi уақытынан кешiккенiмен Айғанымның Петербург Сенатына жазған хаты бойынша ойдағыдай орындалып шықты. Мұнда бұрын-соңды қазақ даласында болмаған сәулет орындары мектеп, медресе, монша, ханша сарайы тағы басқа тұрғын үй, шаруашылық орындары бой көтердi. Үйдiң iшiн батыстың сәулет үлгiсiндегiдей жасатып, терезеге жiбек перделер iлгiзiп, Қытайдан вазалар, шкафтар алдыртады. Қоныс маңында егiншiлiкпен айналысу үшiн соқа, тырма секiлдi саймандарды Ресейден алдырады. Неге екенi белгiсiз, мекен-жайды салу жұмыстары 1824 жылдан 1834 жылға дейiн созылған.
Айғаным ханымның бұл қонысында атақты қазақ болыстары, серiлерi мен ақын-жыраулары жиi болған. Атақты Құнанбайдың өзi қонысқа табан тiреген. Құнанбай Айғанымнан ел iшiндегi дауға байланысты Омбыға тергеуге шақырылғанда, осы Айғаным Шоқанды ортаға салып аман алып қалған екен деген әңгiме де бар.
Ал әйгiлi қазақ өнерпаздары Бiржан сал, Ақан серi, Шәрке сал, Шөже, Жанақ, Арыстанбай, Досқожа, Орынбай тағы басқа атақты ақындар, Байдалы, Мұса сынды билер Айғаным кезiнде және одан кейiн де осы үйдiң төрiнде отырған. Сонымен қатар, орыстың зерттеушi-ғалымдары да бұл жерге жиi тоқтайтын, А.А. Сотников, А.К. Гейне, П.П. Семенов-Тян-Шанский, Ф.И. Усов секiлдi зиялылар атбасын бұрып, қонақ болып кететiн. Атақты Жанақ ақыннан Шоқан осы жерде тәрбие алып, қазақтың лирикалық-эпосы «Қозы Көрпеш, Баян сұлуды» небәрi алты жасында жаттап алғаны тарихтан белгiлi. Шоқанның алғашқы прозалары мен «Едiге», «Еркөкше» дастандары туралы жазбалары осы Сырымбетте жазылған. Тiптi, кейбiр деректерде Шоқанды Құсмұрында емес осы Сырымбетте туған деп айтылып жүр. Шоқан өмiрге келдi деп жүрген Құсмұрын бекiнiсi 1845 жылы салынған. Шоқан 1835 жылы туса, бекiнiс одан кейiн он жылдан кейiн салынса тарихта әлi де бiраз сыр жатқаны анық.
Атақты Абылай хан көз жұмар алдында «елiме екi емшек емiзе алмай кеттiм», деп өкiнген екен. Бiрiншiсi мал шаруашлығы болса, Екiншiсi егiншiлiк шаруашлығы екен. Ұлы атасының осы өсиетiн де қолға алған Айғаным болды. Батыс Сiбiр бас басқармасының генерал-губернаторы Веляминовке жазған хатында (1831 жылы) қазақ даласында егiн егудi мақсат етiп оған қажеттi тұқым, құрал-сайман, диiрмен орнату және оны iске асыра бiлетiн мамандар жiберудi жазады. Генерал-губернатор Вельяминов Омбы чиновниктерiне дереу бұйрық берiп, орындатқан. Бұл хаттар мен өтiнiштердi Айғаным тек Сырымбетте отырып жазбаған. Омбы, Тобыл, Петропавловск қалаларына әдейi барып, патшаның жоғары әкiмдерiне барып жолығып, ауызба ауыз сөйлесiп қайтқан. Сол сияқты казактардың жергiлiктi адамдарға қысым жасап, жердi орынсыз алып отырғанын да патша әкiмдерiнiң есiне салып, есесiн қайтаруды бiрнеше рет айтып жазған хаттары да бар. 1828 жылы Қызылжарда Айғаным Батыс Сiбiрдi тексеруге келген Сенат өкiлдерi В.К. Безродный және Б.А. Куракинмен кездесiп, оларға халықтың мұң-мұқтажы жазылған хат тапсырды.
Жас кезiнен халық салт-дәстүрiнен, мәдениетiнен және оның рухани байлықтарынан нәр алып, тәрбие көрiп өскен Айғанымның тағы бiр айтарлық еңбегi халыққа бiлiм беру жолындағы пайдалы iстерi екенiн ұмытуға болмайды. Тарихқа белгiлi осы Сырымбеттегi мекен-жай салынғаннан кейiн бұл жер ғылыми, мәдени орталыққа айналды. Медреседе сауатты бiлiм бергiзу үшiн Құтмұхамбет Иманқұлов деген мұғалiмдi көп өтiнiшiмен Қызылжар қаласынан алдырған. Айғаным оқу бағдарламасын өзi бiрге жасасып, оның барысын қатты қадағалап, басшылық жасап отырды.
Онда балаларға бай, кедей деп бөлмей оқуына назар аударды. Басқа ауыл балаларымен бiрге өз ұлдарын да оқытып шығарды. Жастарды адамгершiлiкке, дiн қағидаларына, еуропалық, шығыстық бiлiмге, өнерге, шаруашылық қол өнерiне баулуда Айғаным ханшаның iстеген жұмыстары ұшан-теңiз десе де болады.
Айғанымның әр саладағы қайраткерлiк және саяси-ағартушылық еңбектерi патша өкiметi де бағалап, оған 1832 жылдан бастап арнайы зейнетақы тағайындады. Жалпы Айғаным өте күрделi өмiр кештi. Уәлидiң үлкен ұлы оған өмiр бойы қарсы болып өттi. Уәли ханның жесiрiнiң үйiне қоққан-лоққы жасалды. Айғанымның қолданған амалы да белгiлi: отбасының амандығын ойлаған ана және әже ретiнде ол баласы Шыңғысты, кейiн немересi Шоқанды да, шешесi Зейнептiң қарсы болғанына қарамай, «өз еркiмен» өз ортасынан, туған жерiнен айырып, орысша оқуға бередi. Бұл арада Айғанымның отбасылық және жеке басының драмасын көруге болады. Бағына қарай Шыңғыс орыс мәдениетiн де, дала халқының мәдениетiн де бойына еркiн сiңiредi және Ресей әкiмшiлiгi мен Орта жүз қазақтары арасындағы делдалдық миссияны лайықты, беделдi орындайды.
1837-1847 жылдардағы қайнысы Кенесарының басшылығымен болған ұлт-азаттық көтерiлiс кезiнде оның қарындасы Бопай жетекшiлiк ететiн қол Айғанымның иелiгiне басып кiрiп, ойран-топанын шығарған болатын. Одан кейiн, көздерiмен көрген қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Кеңес үкiметiн орнатушы шолақ белсендiлер қонысты өртеп жiбередi.
Елдегi және алыс қалалардағы патша әкiмдерiмен тайталас, талас-тартыс, жеңiс пен жеңiлулер де аз болған жоқ. Айғаным ханша саяси сауатымен қоса көркем сөзге аса шебер, тiлi өткiр, ақынжандылығының арқасында осының барлығына төзе де, көтере де бiлдi.
1853 жылдың 19 қарашасында 70 жасында фәниден бақиға аттанған күнi Омбыдан келiп жеткен сүйiктi немересi Шоқан асыл әжесiне бiр уыс топырақ салды. Айғаным хан Абылайдың ұлы Уәлидiң кiшi әйелi, Шыңғыстың шешесi, Шоқанның әжесi. Ел өмiрiнде осы ұлы адамдардың бiрiне жар, бiрiне ана, бiрiне әже болуымен де айтулы iз қалдыра отырып, сол қилы заманда да болашақ тарих үшiн де Айғаным ханша өлшеусiз мол мұра қалдырды.
Сондықтан елдi Айғаным басқарды (1821-1834 жж.). «Сiбiр қазақтары туралы уставы қабылданғаннан кейiн патша үкiметiнiң әкiмшiлiк орындары Орта жүз қазақтарына байланысты мәселелердi көбiнесе Айғаным арқылы шештi. Айғаным Россия Сыртқы iстер министрлiгiнiң азиялық департаментiмен және Петербургтiң Сiбiр комитетiмен тiкелей хат арқылы байланыс жасап отырды
Әйгiлi ғалым Ә. Марғұланның «Айғаным — Шоқан үшiн халық даналығының сарқылмас бұлағы болған» деген сөзiнде тарихи шындық жатыр. Ретi келгенде айта кеткен жөн, Айғаным ханша және оның өмiрi туралы алғаш зерттеп, архивтердi тауып, әдеби бағасын берген бiрден-бiр адам осы Ә. Марғұлан. Ғалым ханша есiмiне қатысты көптеген құжаттар тауып, оны Шоқан шығармаларының 5 томдық жинағына енгiздi. (Ч.Ч. Валиханов. Собр. Соч. В пяти томах. Алма-Ата, 1961-1972 гг. И 1984-1985 гг.).
Мақаланы құрған күні 28.11.2019 16:25
Мақаланы жаңартқан күні 04.02.2020 15:11