Жанатай батыр Ақанұлы

Жанатай батыр Ақанұлы.

Жанатай батыр Ақанұлы қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақтың хас батырлары Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Бөгенбай, Батыр Баяндардың үзеңгілес серігі болған. Жанатай батыр 1723 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Чистополье ауданы Талсай ауылының жанында туып, 1819 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Орловка ауылының жанында жерленген. Жанатай Ақанұлы – Орта жүзден, Арғын тайпасына кіретін Қарауыл руынан. Жанатай Ақанұлының тоғыз ұлы болған. Олар: Ботанай, Тілеуберді,Құдайберді, Асылбек, Мұратбек, Досымбек, Құлибек, Жұмабек, Исабек. Жанатай батыр жайында көрнекті ақын-жазушыларымыз Көкен Шәкеев, Естай Мырзахметов, Мұхтар Мағауин, Әнуар Әлімжанов («Жаушы» романы), Ілияс Есенберлин («Жанталас» романы) өз еңбектерінде атап өтті. Мысалы, Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде: «1753-1754 жылдарда Жанатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қолы қысы, жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтады », «18 ғасырдың үшінші ширегінде Дүрбін-Ойратты тоздырған, Мәнжу-Цин басқыншылығына қарсы қайтпай күрескен, торғауытты талқандаған, қырғызды Алатаудан асырып, өзбек әміршілерін тәубесіне түсірген, сөйтіп 20 жыл бойғы тынымсыз майданда Алаш ұранын жаңғыртып, Абылайға үш жүздің тізгінін ұстатқан, Қазақ Ордасын қайта көтерген ең атақты қолбасшылар: Қаракерей Қабанбай, Әбілпейіз сұлтан, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Қанжығалы Бөгенбай, Ералы сұлтан, Әбіл сұлтан, Орыс сұлтан, Жанатай, Баян, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Ақтамберді, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Құлеке, Жауғыш, Дат, Көкжарлы, Барақ, Құлашбек, Тұрсынбай, Нарбота, Қожаберген...., » деп қазақтың ұлт болып ұйысуына ұйтқы болған кіл саңлақтарды, ұлыларымызды тізіп шығады. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанында:

Ашуы төккен қардай, шөккен нардай,

Қас қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай,

Бөкеннің жас жолбарыс жеткіншегі

Аузынан жалын шашқан жас-Жанатай, — деп жырлаған жыр шумағы да бар.

Біздің еліміз бен жеріміздің, батыр-билеріміздің тарихы, деректері ел жадындағы естеліктер ауыз әдебиеті арқылы арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ғой. Сондай әңгімелердің бірі Абылайханның 1756 жылы 33 жастағы Жанатай батырды 500 қолмен барлауға жібергендігі баяндалады. Бұл оның Абылай ханның зор сенім артқанының белгісі. Жанатай батырдың үлкен ерліктерінің бірі жоңғарлардың Алмалы есімді жеңіліп көрмеген батырын жекпе жекте жер жастандырғаны.

...Бірде Абылай хан Жанатай батырға 40 сарбаздан тұратын арнайы жасақ беріп, мінер ат, ішер ас алып келу үшін жасырын түрде қалмақтар жайлаған аймаққа аттандырады. Қарулы жасақ қалмақтарша киініп, қолдарына солардың қару-жарағын алып, жау ішіне білдірмей енеді. Табыннан бір үйір жылқыны бөліп алып, жайлап айдаған күйі жоңғарлардың шебінен өтіп, елге беттейді. Жанатай 30 батырмен қуғыншыларды тосып, артта қалып қояды да, олардың алғашқы легін қырып тастап, аттарын тағы да олжалап, айқай-шумен басқа бағытқа қарай қуғыншыларды адастырып, орта жолда топ-топ болып жалт бұрылып, жау жылқысын айдап бара жатқандарға қосылады.

Қарауылдың қалың қолын басқарған Жанатай батыр шайқаста, жекпе-жекте қалмақ, жоңғарлардың талай батырларын жер жастандырса да, қолға түскен тұтқындарға қорлық көрсетпепті. Алдына келіп өтініш айтқан жауларының да сөзін тыңдап шектен тыс қатыгездік танытпай, талай мәрте мәрттік жасапты. Көнекөз қариялардан қалған естеліктер бойынша, ағасы Қарамырза қалмақ батырымен «сүзісіп» жекпе-жекке шығып, жеңгенінде жау жасағы кейін шегінбейді ме, сонда соңында ере алмай көп қалмақ қалып қояды. Олардың ішінде бас көтерер үлкендері келіп:

Тақсыр, келісім-шарт бойынша әскер кейін шегініп, кетіп қалды. Ал, біздер ілесе алмай, қалып қойдық. Қыс болса, қылышын сүйретіп келіп қалды, бізге жазға дейін осы жерде қыстап шығуға рұқсат етсеңіз-дейді. Жанатай батыр олардың қазақтарға дұшпандық жасамауға, малдарын ұрламауға , көктен шыға бұл өңірден үдере кететіндеріне уәдесін алып, қалмақтарға жасағының назарында болатындай аймақтан арнайы жер, азық-түлік, мал бөліп беріпті.               

Жанатай батыр Қарауылдың қалың қолын басқарған бахадүр қолбасшы, әрі көріпкел әулие де болған адам. Көзі тірісінде-ақ есімі Қарауыл жасағының ұранына айналып, олар «Жанатай» деп ұрандап жауға тап бергенде, қалмақтардың құты қашып, есі шығатын көрінеді.

Жанатай 3 әйел алған, бәйбішесінен — Ботанай, Құдайберді, Тілеуберді, Досымбек, ортаншы әйелінен — Асылбек, Мұратбек, үшінші әйелінен — Құлыбек, Исабек, Жұмабек.

Жанатай батырдың жорықтарда буынған белбеуі қара шаңырақтың иесі Қанатбай Балтакескеновтың үйінде сақтаулы тұр. Ата-бабаның аруақтарын ардақтап, құрмет көрсету — иманды ұрпақтарының асыл парызы. 1956 жылдың жазында Жанатай батырдың ұрпақтары бабасының бейітінің басына барып, құлпытас орнатып, ас беріп, құран бағыштаған еді.

Енді міне, Жанатай батыр Ақанұлының 2023 жылы атап өтілетін 300 жылдығының қарсаңында тоғыз ұлынан тараған ұрпақтары бірігіп, үлкен кесене қалап, құран бағыштап, тоғыз киіз үй тігіп, келген дүйім жұртқа ас берді. Қабыл болсын.

(Мақсұтбек Сүлеймен, Қазақстанның құрметті журналисі)

Мақаланы құрған күні 24.11.2022 11:23

Мақаланы жаңартқан күні 24.11.2022 11:41

coronavirusАкорда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «БЖЗҚ» АҚ Antikor Премьер egovӘділетҚазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі